2017 жылдың 15 тамызында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанындағы Қоғамдық кеңес отырысы өтіп, оған денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Мереке Бутина мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, ҚР Білім және ғылым министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Виктор Бежанаров қатысты.
Жиында «Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы таныстырылды.
Отырыс барысында қазіргі қолданыстағы заңнамаға енгізілетін негізгі толықтырулар мен түзетулер жайы тыңдалды. Мәселен, 19 нормативтік-құқықтық актіні өзгерту жоспарланған (3 Кодекс пен 16 Заң).
Мемлекет басшысы 2015 жылдың 30 қарашасындағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» жолдауында мұқтаж азаматтардың нақты кірістері мен өмір сүру жағдайларын ескере отырып, мемлекеттік қолдауды күшейту міндетін тапсырғаны белгілі. Осыған байланысты, Үкіметке әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін оңтайландыру жолымен жаңа әлеуметтік саясатты қалыптастыру тапсырылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 сәуіріндегі номер №396 қаулысымен бекітілген Қазақстанның 2030 жылға дейінгі әлеуметтік даму Тұжырымдамасында жаңартылған нормативтік-құқықтық база әлеуметтік үдерістерді мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға арқау болып, саладағы тың бастамаларды жүзеге асыруда табыс кепілі бола алатыны көрсетілген.
Заң жобасын қабылдауға азаматтардың жекелеген санатына әлеуметтік кепілдік беру бағытын ретке келтіру, елдегі іс жүзіндегі заңнама баптарының осал тұстарын жойып, талапқа сай ету түйткілдеріне қатысты әлеуметтік заң кілтипандарын жетілдіру қажеттілігі түрткі болуда.
Тұжырымдамалық түзетулер мен толықтырулар келесі межелерді қамтуы тиіс:
- Семей ядролық сынақ алаңында зардап шеккен мәртебесі бар және радиациялық ластанған аумақтарда тұратын азаматтардың қосымша еңбекақысы мен еңбек демалысын төлеуде заң күшін пайдалану мен әлеуметтік қолдау көрсетуді нақтылау;
- ауылдық елдімекендерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдары мамандарына коммуналдық қызметтер мен отын шығындарын өтеуде заң баптарын бірдей түсіну мақсатында редакциялық және нақтылайтын өзгерістер енгізу.
Жалпы заң жобасын Қоғамдық кеңес мүшелері мен кәсіподақтар өкілдері ауылдық елдімекендердегі әлеуметтік сала мамандарының коммуналдық қызметке кететін шығынын жабу мен отын алуға құқық тағайындайтын баптар жөнінде редакциялық түзетулерді ескере отырып мақұлдады.

                                                                                      БҚО Кәсіподақтар орталығы