Облыстық мәслихат ғимаратында «Қазақстан-2050» Демократиялық күштердің Батыс Қазақстан облыстық коалициясының кезекті отырысы өткізілді. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ұйымдастырған шарада мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшу мәселесі және әліпбидің бірыңғай стандарты талқыланды.
Сөз басында «Нұр Отан» партиясы БҚОФ төрағасының бірінші орынбасары С.Сүлеймен Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы стратегиялық маңызға ие, жасампаз халқымыздың жарқын болашағын айқындайтын құжат екенін атап өтті. Сондай-ақ, бұл бастама жұртшылықтың қолдауына ие екеніне тоқталды.
-Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бері көтеріліп келеді. Енді қазақ елі осы шешуші кезеңге келіп жетті. Латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Латын әліпбиіне көшу – Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған, тіліміздің болашағы үшін жасалған қадам. Сайып келгенде, латын әліпбиіне көшу ана тіліміздің қолданыс аясын одан әрі кеңейтіп, қазақ тілін технология тіліне айналдырады, – деді С.Сүлеймен.
Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» коалициясының бұл отырысына Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығының мамандары, Батыс Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасының басшылары, Батыс Қазақстан облыстық партия филиалдарының төрағалары, белгілі тілші ғалымдар, профессорлар және сарапшы мамандар қатысты.
Жиын барысында латын графикасы негізінде қазақ әліпбиінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік беретін қажетіліктер туралы өз пікірлерін ортаға салды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына сәйкес тілдік таңбаны ауыстырудағы ғылыми мәселелер, графиканың стандартын бекітуде ескерілетін жайттар жан-жақты талданды. Соның ішінде латын әліпбиінің соңғы ұсынылған үлгісі сарапқа салынды. Аталған мәселелерге қатысты қалың бұқараға үгіт-насихат және түсінік жұмыстарының сауатты түрде жүргізілу қажеттігі ерекше айтылды. Себебі бұл елдік деңгейде рухани жаңғыру мәселесіндегі маңызды қадамдардың бірі болып отыр.
Жиын соңында ел тұрғындарын жаңа қазақ әліпбиін қабылдауға шақыратын Батыс Қазақстан облысы халқына арналған Үндеуін жариялады.
БҚО Кәсіподақтар орталығы