Елбасының бес институционалды реформасын жүзеге асыру мақсатында түзілген «100 нақты қадам» Ұлт жоспары Қазақстан экономикасын, мемлекет пен қоғамды сапалық деңгейдегі жаңа биікке жеткізудің айқын бағдары. Бұл құжатта белгіленген қадамдар Мемлекет басшысы айтқандай, «Планетадағы аса дамыған мемлекеттерді біріктіретін Экономикалық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес келетін елді дамыту, экономикалық өсім мен барлық қазақстандықтардың өмірін жақсарту үшін жаңа лайықты жағдайлар қалыптастыру­ды көздейді». Сондықтан, бұл тарихи бағ­дарламада айқындалған міндеттерді жүзеге асыру бағытында соңғы жылдар бедерінде елімізде заңнамалық және ұйымдастыру тұрғысында орасан жұмыс атқарылды.
Олардың үлкен шоғырын халықты жұмыспен қамтып, әлеуметтік қолдау, адами капитал сапасын көтеріп, экономиканы алға жылжыту үшін білім мен ғылымның өзекті мәселелерін шешу шаралары құрайды. Осы аптада Үкіметте екі негізгі салада «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының атқарылу барысы қаралып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мен Білім және ғылым министрлерінің есебі тыңдалған болатын.


Ұжымдық келісімге қатысты күдік сейілді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нис­трлігі Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында бірнеше бағытта жұмыс істеп жатқанын білеміз. Жиында құзырлы орын басшысы Тамара Дүйсенова халықты тұрақты жұмыспен қамту, еңбек құқын қорғаудың өзекті мәселелерін шешу мақсатында әзірленіп, қабылданған Еңбек кодексінің жүзеге асырылу барысын баяндады. Министрдің айтуынша, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енген жаңа құжатты дайындаумен айналысқан жұмысшы топ мониторинг өткізіп, заңнаманың еңбек қатынастарын реттеудегі мүмкіндігін, олқылығын анықтауда. Оның нәтижелері жалпы алғанда, құжат өлшемдерін жүзеге асыруда жұмыс берушілер, жұмысшылар тарапынан да белсенділік жоғары екенін көрсетіп отыр. Бүгінде осы құжатты одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстар да бар.
Жаңа Еңбек кодексінің тұжырымдамалық негізі жұмыс берушілер, жұмысшылар және мемлекет арасындағы еңбек қатынастарын реттеу бойынша функцияларды шешуге бағытталды. Осыған орай мемлекет еңбек қатынастарының базалық стандарттарын жасап, оны барлық жұмыс берушілердің орындауын қамтамасыз етумен айналысып, қалған мәселелер еңбек пен ұжымдық келісімдер негізінде жұмыс беруші мен жұмысшының арасында шешілуге тиіс. Талқылау кезінде бұл талап біраз сұрақтар тудырған еді. Онда жеке еңбек келісімі төңірегінде жұмыс берушілер тарапынан құқықбұзушылықтардың көп болатындығына қатысты алаңдаушылықтар болды.
Көптің көкейінде олардың жаппай еңбек келісімдерін жасауға ынталы болатындығына күмән тұрды. Тамара Босымбекқызының айтуынша, мониторинг 2016 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс берушілердің жасаған еңбек келісімдерінің саны 60000-ға көбейгенін көрсетіпті. Мұның сыртында, әлеуметтік әріптес­термен келісім жасаспай жұмыс істеп, жалақысын конвертпен алып жүргендер де аз емес. Сол секілді, ұжымдық келісімдерге қатысты күдік те сейілгендей. Уақытында жұмыс берушілердің жұмысшылар өкілдерін тыңдап, олармен ортақ мәмілеге келетіндігіне қатысты да сұрақтар аз болмаған. Министрдің бұл тұрғыда келтірген мәліметтері де жағымды болды. Оның айтуынша, қазіргі таңда барлық ірі кәсіпорындардың 93 пайызының ұжымдық келісімдері бар. Ұжымдық келісім жасасқандардың 89 пайызына жуығы орта кәсіпорындар, 43 пайызға жуығы шағын және орта бизнес нысандары екен.


Кәсіподақтар пәрмені артады
Еңбеккерлер мүддесін қорғаудағы кәсіподақтар рөлін көтеру де еңбек қатынастарын реттеу мәселесінің бір басымдығы болған еді. Осыған орай арнайы «Кәсіподақтар туралы» заң да қабылданған болатын. Тамара Дүйсенованың айтуына қарағанда, бүгінде 467 кәсіподақ ұйымы жұмыс істеп жатса, оның ішінде 154-і аталмыш жаңа заңның ая­сында құрылыпты. Бұл құжат не­гізінде бір кәсіпорында жалғыз ғана кәсіподақ ұйымы болса, жұмысшылар өздерінің санына сай бірнеше кәсіподақ ұйымын құрып, солардың ішінен жақсы жұмыс істейтін бірін таңдауға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар, кәсіподақтың орнына жұмысшылардың сайланбалы органын құруға құқы дәйектелген болатын. Жоғарыда айтылған жаңа кәсіподақ ұйымдарының пайда болуы соның арқасы. Белгілі деңгейде бұған жа­ңадан қабылданған Еңбек кодексінің де ықпалы тиіп отыр.
Аталмыш құжатты қарау кезінде қоғамды алаңдатқан түнгі және жұмыс уақытынан тыс мезгілде атқарылған жұмыс үшін жалақы төлеу мәселесі болғаны есте. Кодекс негізінде бұл төлем жұмысшының күндізгі сағат төлемінің бір жарым мөлшерінен кем болмауы ұйғарылған еді. Осы талапқа сәйкес, министрлік жұмыс берушілер мен жұмысшылар қарым-қатынасына ықпал ететін 363, аймақтарда 3 мың кәсіпорынды анықтаған болатын. Бүгінде кәсіподақ өкілдері бұл мекемелер бойынша заңбұзушылықтың жоқ екенін мәлімдеп отыр. Бұған қоса, қосымша атқарылған жұмыс үшін жалақы бір жарым емес, екі сағат мөлшері бойынша төленіп жатыр.

БҚО Кәсіподақтар орталығы