Мамыр айының 13ші жұлдызында Батыс Қазақстан облысы, Кәсіподақ орталығының қолдауымен және кәсіподақ жанынан құрылған «Келешек» жастар кеңесінің 2017 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес облыстық белсенді кәсіподақ қызметкерлерінің арасында «Дүниежүзілік еңбекті қорғау» күніне орай пікірсайыс турнирі оздырылған болатын. Облыстық белсенді жастар арасында оздырылған аталмыш турнирге Бөкей Орда, Сырым, Зеленов, Бөрілі, Ақжайық, Қаратөбе, Тасқала аудандарының кәсіподақ қызметкерлері келіп, белсенді ойын дәрежесін көрсетті. Турнирге келген қатысушыларды «Келешек» жастар кеңесінің белсенді жастары үлкен ықыласпен қарсы алды. Салтанатты ашылу салтанатында қатысушы аудандар таныстырылып алғашқы сөз кезегі Батыс Қазақстан облысы, Кәсіподақ орталығының төрағасы Салықов Ербол Ғұмарұлына берілді, ол Келешек жастар кеңесінің мән мақсатымен таныстырып, жастардың кәсіподақтағы үлесімен рөлін айқындады, қатысушы жастарға сәттілік тіледі. Одан әрі, сөз кезегі турнирдің мақсат - міндеттерін тілге тиек етіп, қатысушыларға өз қолдауын білдірген «Келешек» жастар кеңесінің жетекшісі Досмағанбетов Қанат Болатұлына берілген болатын. Алғаш рет Батыс Қазақстан облысы кәсіподақ қызметшілері арасында оздырылған пікірсайыс турнирінің төреші қазылығында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанынан құрылған Ақиқат ЖҚБ, пікірсайыс орталығының республика деңгейіндегі пікірсайысшылары болды. Турнир барысында бес негізгі тақырыптар талқыға түсті. Алғашқы іріктеу кезеңдерінде ойналған қарарлар:  ҚР жастары еңбек құқықтарын қаншалықты қорғай алатындығы туралы, ҚР еңбек кодексінде көзделген қауіпсіздік шараларының қаншалықты сақталып отырғандығы және ҚР кәсіптік одақтар туралы заңындағы ең өзекті бапты көрсету тақырыбында болды. Үш іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, жартылай финалға жолдама алған топтар: Ақжайық ауданынан келген «Жұбан жастары» фракциясы, Сырым ауданынан келген «Сырым құрамасы», Зеленов ауданы құрамасы және Қаратөбелік фракциялар. Жартылай финалда Ақжайық пен Сырым ауданы қарсы ойнаса, Зеленов ауданы Қаратөбе ауданына қарсы тартысты ойын өрнегін көрсетті. Ойында талқыланған  мәселе, жұмыскерлердің еңбек дауларын ереуілдер арқылы шешуі қаншалықты дұрыс екендігін көрсету тақырыбында болды. Тартысты ойыннан ақтық мәре «Финалға» шыққан фракциялар: Сырым ауданы мен Зеленов ауданы болды. Финалда талқыланған тақырып Кәсіподақтың белсенділігін арттырудың ең тиімді жолын ұсыну позициясында болды. Сөйтіп қорытындылай келе, жүлделі 1ші орынмен Сырым ауданы, 2ші орынмен Зеленов ауданы және жүлделі 3ші орынмен Ақжайық ауданы марапатталды. Турнир барысында жүйелі сөзімен, ұтымды ойымен көзге түскен Сырым ауданының ойыншысы Мақсотова Ләйла Науайқызы «Үздік спикер» аталымымен және ойындағы ұтқыр сарапты ойымен, әділ төрелігімен көзге түскен Мақсотов Арнұр Маулетұлы «Үздік төреші» аталымымен марапатталды. 
Еліміздің ертеңі мен бүгіні белсенді жастар буыны.

БҚО Кәсіподақтар орталығы