Бүгін Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар Орталығының ұйымдастыруымен 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің мәжіліс залында «Кәсіподақ және заң» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

БҚО Кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов жүргізген конференция жұмысына облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов және әлеуметтік әріптестер, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, ғалымдар, кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлері қатысты.

Жиынды ашқан Ербол Ғұмарұлы Конституцияның тәуелсіз еліміздің тарихында алатын орны, Ата Заңда белгіленген нормалар жайында айтып өтті. Сонымен қатар кәсіподақтың негізгі міндеті еңбек адамының заңды мүдделері мен құқықтарының қорғалуы екенін мәлімдеп, осы тұрғыда заңмен белгіленген міндеттемелерге тоқталды. – Ел Конституциясының 24-бабына сәйкес, әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына, қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай жұмыс жасауына, еңбегі үшін сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуына құқы бар. Еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндерге заңмен белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндеріне, жыл сайынғы ақылы демалысқа кепілдік беріледі деп жазылған, – деген облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы жұмыс беруші мен қызметшілер арасындағы қарым-қатынасты реттеуде кәсіподақ ұйымдарының рөлі жоғары екенін жеткізді.

Бұдан әрі сөз алған облыстық кәсіподақтар орталығының заңгері Зина Төлеуғалиева «Еңбек адамының құқығын қорғау – кәсіподақтың басты міндеті» тақырыбында баяндама оқыды. Басқосу барысында баяндама жасаған жұмыспен қамту, еңбек инспекциясы, әділет, құқық қорғау саласының өкілдері мен ЖОО оқытушылары Ата Заңымыздың қауіпсіз және лайықты еңбекке тікелей ықпалы, ресми және бейресми еңбек қатынастары, Еңбек Кодексінен туындайтын міндеттер, әлеуметтік еңбек қатынастары, еңбек даулары мәселелері жайында сөз қозғады.

Конференция соңында БҚО Кәсіподақтар орталығы мен «Халықаралық құқық қорғау орталығы» ҚБ облыстық филиалы басшылары өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Сондай-ақ мереке аясында конференция қатысушыларына БҚО Кәсіподақтар орталығы төрағасының атынан алғыс хаттар табысталды.    

Ләззат ҚАЖЫМ