2017 жылдың 10 – 11 қазан аралығында Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының аппарат қызметкерлері Ақжайық және Жаңақала аудандарындаіссапарда болып еңбек күніне орай ұйымдастырылған шараларға қатысты.

Бұл шара Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрайымының орынбасары А.Мукашеваның 22.09.2017 ж. № 01-09/536 хаты негізінде облыстық кәсіподақ ұйымының 12 аудандық және қалалық мектептер мен облыстық білім беру орталықтарында ұйымдастырылып өткізілді.

2017 жылдың 10 қазан айында Ақжайық аудандық кәсіподақ ұйымында «Лайықты еңбек – әлеуметтік тұрақтылық кепілі» тақырыбында өткізілген дөңгелек үстелге ауданның 50 бастауыш кәсіподақ ұйымдарының кәсіподақ төрағалары қатысты. Ақжайық аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Максим Умбеталиев дөңгелек үстелдің күн тәртібімен таныстырды.

Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының төрағасы Марат Даупаев алғы сөз алып жиынға қатысушыларды құттықтады. Жұмыс барысында аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Максим Умбеталиев және облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы – заңгер Гүлжанат Құрманғазиевалар ұжымдағы еңбек қатынастары мен кәсіподақтардың бүгінгі тыныс – тіршілігі туралы баяндама жасады.

Бекітілген регламент бойынша пікірлесу кезінде дөңгелек үстелге қатысушылар білім беру саласындағы кейбір қоғамдық мәселелер мен еңбек режиміне қатысты өз ойларын талқыға салды. Ақжайық аудандық кәсіподақ төрағасы ведомстволық наградалармен марапаттаудың негіздемелеріне қатысты өз ұсынысын білдірсе, бастауыш кәсіподақ белсенділері жалпы орта білім беру мектептерінің бастауыш сынып мұғалімдерінің оқу жүктемесін 14 сағатқа қысқарту туралы білдірді.

2017 жылдың 11 қазан айында Жаңақала аудандық кәсіподақ ұйымында «Еңбек қатынастарын реттеуде кәсіподақтардың ролі» тақырыбында өткізілген дөңгелек үстелге ауданның 29 бастауыш кәсіподақ ұйымдарының кәсіподақ төрағалары қатысты. Модератор Жаңақала аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Жастілек Қайрекешов күн тәртібімен таныстырып, облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Даупаевқа алғы сөз кезегін берді. Ол өз сөзінде: -Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының хаты негізінде еңбек күніне орай бұл шараның барлық облыс көлемінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарында ұйымдастырылып отырғаны және еңбек адамының лайықты бағалануына кәсіподақта өз үлесін қосуы қажеттігі туралы айтты.

Жұмыс барысында «Демалыс және жұмыс уақыты» тақырыбында Д.Нұрпейісова атындағы ЖОББМ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Сайран Өтепбергенов, «Еңбек қатынастары: мәселелер мен шешімдер» тақырыбында Амангелді Бекқалиев және облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы – заңгер Гүлжанат Құрманғазиевалардың баяндамалары тыңдалды.

Пікірлесу кезегінде дөңгелек үстелге қатысушылардың жаңартылған білім жүйесіне байланысты және еңбек режиміне қатысты қойылған сұрақтарға толыққанды жауаптар берілді.

Сонымен қатар, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бас маманы Марина Темиргалиева:

  • Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымы іс-шаралар жоспарына

сәйкес, аудандық кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен бірлесе отырып, аудан орталықтарында болуды жоспарлаған болатын. Бүгінгі іс сапарымыз Ақжайық аудан орталығынан басталып отыр. Іс-сапардың мақсаты өз-өзімізді көрсету емес, кәсіподақ қатарында қаншама жылдан бері мүше болып, оған сенім артып келе жатырған өздеріңізбен жақынырақ танысып, өзара ынтымақтастықта қызмет атқару. Біздің іс-шараларымыз тек облыс орталығымен шектеліп қалмай, сондай іс-шаралар аудандарда да таралса деген ойларымызда бар. Кездесуіміздің мақсаты да еңбек күніне байланысты кәсіподақ жетекшілерімен кездесіп, еңбеккерлердің құқықтық қорғалуы мен лайықты еңбек жағдайларының жасалуы туралы өз ойларымен бөлісу болатын – деп қорытындылады.

Еңбек күніне орай өткізілген дөңгелек үстел соңында Ақжайық, Жаңақала аудандарының бірқатар белсенді кәсіподақ төрағаларына облыстық кәсіподақ ұйымынын атынан құрмет грамоталары және Ақжайық аудандық кәсіподақ төрағасы Максим Умбеталиев, Жаңақала колледжінің төрағасы Қамидолла Тлеубергеновтерге алғыс хаттар мен заттай естеліктер табыс етілді.

Ақжайық және Жаңақала аудандарында болған іс-сапарлар кезінде облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Даупаев аудан әкімдерімен кездесіп, педагог қызметкерлердің әлеуметтік жағдайлары мен жас мамандардың тұрғын үйлермен қамтылуы туралы мәселелерді көтерді.

Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы