Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ аппараты Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Амантаева Майра Тұрғанқызының арнайы келуіне орай, кәсіподақ белсенділерімен кездесу өткізді.

Кездесуге шақырумен аудандық кәсіподақ ұйымдары және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, сонымен қатар, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Атқару Комитетінің мүшесі, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, академик Асхат Иманғалиев, «Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ербол  Салықов  қатысты.

Алғы сөз алған Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Даупаев облыстық кәсіподақ ұйымында өз жарғысы негізінде және жоспарлы түрде кәсіподақ жұмыстары атқарылып отырғанына тоқталып,  қазіргі таңдағы білім саласындағы жаңалықтар мен салалық келісімдер, жалпы кәсіподақтың алға қойып отырған міндеттері жөнінде сөз кезегін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Амантаева Майра Тұрғанқызына берді.
Майра Амантаева өз баяндамасында алдымен Елбасы жолдауының жетінші бағыты «Адами капитал – жаңғыру негізінде» білім берудің жаңа сапасына тоқталды. Жиынға қатысушылар төрайымның «сапалы білім беру үшін мұғалімдердің жалақысын арттыру арқылы ер азаматтарды да мұғалім мамандығына тарту, мұғалімдерді үй аралату мен газеттерге күштеп жаздыруды тоқтату туралы және мұғалім мәртебесін арттыру туралы» қозғаған өзекті мәселелерді жылы қабылдады.
Сонымен қатар, кәсіподақ жұмысын  жетілдірудің  негізгі бағыттарын ашып айта отырып, Салалық кәсіподақтың Кеңесімен барлығы 20-ға жуық бақылау – тексеру комиссиясының жұмысы жөніндегі әдістемелік ұсыныстар, қоғамдық бақылау және Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ережелердің бекітілгенін атап өтті.
Жиынға қатысушылардың кәсіподақ кадрларын жасарту мәселесіне қатысты қойылған сұрақтарына  орай, кәсіподақтың ішкі жұмыстарына жергілікті атқарушы билік органдарының араласуының заңсыздығын түсіндірді. 
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, академик Асхат Иманғалиевпен іскерлік кездесу барысында жоғары оқу орындағы  профессор – оқытушылар құрамының  қазіргі жағдайымен ролі жөнінде пікірлесті.
Кәсіподақтың имиджі мен беделін көтеру үшін салалық кәсіподақтармен жергілікті телеарна бағдарламаларына қатысып, ақпарат құралдарына жариялау арқылы ақпараттандыру жұмыстарының  жүйелі жүргізіліп отырғаны туралы БҚО «Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ербол Салықов баяндама жасады.
Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ аппаратының бас маманы Марина Темиргалиева облыстық кәсіподақ ұйымында атқарылған жалпы жұмыстар туралы және  кәсіподақ мүшелерінің құқықтық қорғалуы мен еңбек қауіпсіздігі  жөнінде ақпарат берді.  
Іс – сапардың келесі күні, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрайымы Майра Амантаева, Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы Марат Даупаев және БҚО «Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ербол Салықов Батыс Қазақстан облыс әкімінің орынбасарының қабылдауында болды.
Батыс Қазақстан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловпен кездесу барысында «жергілікті өкілетті билік органдарының ауылдық жерде тұратын білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне отынға және коммуналдық қызмет шығындарының өтемақыларын міндетті және бірыңғай мөлшерде тағайындалуына қол жеткізу мәселесі» қазіргі таңда толық шешілмегені  және «педагогикалық білім қызметкерлерін міндетті тегін медициналық тексеруден өткізу мәселесінің» Ақжайық, Зеленов, Шыңғырлау, Бөкейорда аудандарында  әлі  шешімін таппай отырғаны туралы мәселелер қаралып, бұл мәселелер акимат тарапынан назарға алынатыны келісілді.
Сонымен қатар, Майра Амантаева кездесудің негізгі мақсаты мұғалімдердің әлеуметтік қорғалуы мен жиі кездесетін мұғалімдерді үй аралату, газеттерге күштеп жаздыруды тоқтату мәселелері және мұғалім мәртебесін арттыруға көңіл бөлуді тапсырды.

Батыс Қазақстан облыстық білім және
ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы
Гүлжанат Құрманғазиева