Бүгін, 2020 жылдың 09 қазан күні Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда кәсіподақ күніне арналған мерекелік шара оздырылды. Баршаңызға мәлім, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылдың 22 мамырындағы Қаулысына сәйкес, 10 қазан – Кәсіподақтар күні болып ресми түрде белгіленді. Биыл ресми түрде екінші рет тойланып жатқан аталмыш күн – мерейтойлық күн болып табылады. Мерейтой деп аталуындағы себеп, құрамына 2 миллионнан астам мүшесі бар, еліміздегі ең ірі еңбек ұйымы болып саналатын – Кәсіподақтар Федерациясының құрылғанына 30 жыл, жалпы еліміздегі кәсіподақ қозғалысына 115 жыл толуда.

Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы, мерекелік шара аясында қажырлы да, белсенді еңбегімен өңірдегі кәсіподақ қозғалысына өзіндік үлес қосқан кәсіподақ мүшелерін мерекелерімен құттықтап, арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Яғни, аймағымыздағы еңбек адамдары үшін Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ ардагері», «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері және ҚРКФ-ның мерейтойлық марапаттары, Құрмет грамоталарымен қатар, БҚО әкімі мен БҚО кәсіподақтар орталығы төрайымының арнайы алғыс хаттары салтанатты түрде табыс етілді.

Мерекелік шара  барысында, «БҚО кәсіподақтар орталығы» АКБ-ның төраға орынбасары Бауыржан Атауов:
- Кәсіподақ – қай ғасырда да болмасын өзінің қажеттілігі мен маңыздылығын жоғалтқан емес. Осы маңыздылықтың ең негізгі қозғаушы күші – Сіздер және Сіздердің ерең еңбектеріңіз. «Лайықты» деп табыс етілген мадақ-марапаттарыңыз құтты болсын, қанаттарыңыз талмай, еңбектеріңіз жанып, көңілдеріңіз жадырап жүре берсін. Мереке құтты болсын! –деп, лебіз-тілегімен түйіндеді.

«БҚО кәсіподақтар орталығы» АКБ