АКБ Жол картасы
2020-2025 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ СТРАТЕГИЯСЫ «ӘДІЛЕТТІЛІК ПЕН ДАМУҒА – БІРЛІКТЕ»
КІРІСПЕ
Кәсіптік одақ (кәсіподақ) – бұл азаматтардың еңбек және өндірістік-кәсіптік мүдделерінің ортақтығы негізінде өз мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау үшін ерікті түрде құрылатын, тіркелген мүшелігі бар қоғамдық бірлестік.
Әр адамның бірлесу бостандығының құқығы, оның ішінде кәсіподақтарға бірігу құқығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 23-бабында бекітілген.
Кәсіподақтардың қызметін реттейтін негізгі нормативтік құқықтық актілер –2014 жылғы 27 маусымдағы «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңы, ҚР Еңбек кодексі және басқа да бірқатар заңдар болып табылады.
Кәсіподақтардың жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау құқығы «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңының 16-бабында бекітілген.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы (бұдан әрі – Федерация) еліміздің ең ірі қоғамдық бірлестігі, азаматтық қоғамның маңызды құрылымдық бөлігі әрі ең өкілетті кәсіподақтық бірлестік бола отырып, жұмыскерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағдарына беріктігін растайды.
Федерация әлеуметтік бағытталған мемлекетті одан әрі нығайтуды қолдайды, және биліктің заң шығару, атқарушы және сот тармақтарының органдарымен, жұмыс берушілердің бірлестіктерімен тұрақты диалог жүргізеді.
Федерация өзінің мүшелік ұйымдарының – салалық кәсіподақтардың және аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің әрекеттерін кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік және еңбек құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау мәселелері бойынша үйлестіреді, республикалық деңгейде кәсіподақтардың құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз етуге жәрдемдеседі.
Федерация мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестік қағидаттарын ұстана отырып әлеуметтік-еңбек қатынастарын нығайтуға және өндірістің дамуы, жұмыскерлерге қауіпсіз еңбек жағдайлары мен лайықты еңбекақысын қамтамасыз етуі үшін жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігіне негізделген тиімді әлеуметтік бағытталған экономиканы құруға атсалысады.
Осы Стратегия Федерацияның XXVI есеп беру және сайлау съезінде бекітілді және 2020-2025 жылдарға Федерацияның миссиясын, құндылықтарын, пайымын, мақсаты мен міндеттерін айқындайды.