2017 жылдың 26 қыркүйек күні облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Басқосуға жекелеген мекеме-кәсіпорын басшылары, кәсіподақ жетекшілері және өзге де мүдделі тұлғалар қатысты. Алқалы басқосуды облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов ашып жүргізді. Отырыстың күн тәртібіндегі алғашқы мәселе «Еңбек қақтығыстарының алдын алу жұмыстары туралы» облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарманың басшысы А. Айтуев хабарлама жасады. Азамат Жұмабайұлының пайымдауынша, өзі басшылық ететін басқарма жүргізіп отырған жүйелі мониторингке сәйкес, өңірде қазір әлеуметтік шиеленістің туындау ықтималдығы елеусіз. Алайда, сол ахуалға кері әсері бар кейбір жағдаяттар орын алып отыр. Мәселен, банкрот болып танылған және оңалту рәсімі жүргізіліп отырған 6 кәсіпорында 97 қызметкерге 94,779 млн. теңге жалақы берешегі қордаланған. Бұдан басқа сот орындаушыларымен атқару өңдірісі қозғалған 2 кәсіпорнында жалақы берешегі 123 қызметкерге 7,592 млн. теңгені құрайды. Жалпы, ағымдағы жылдың басынан бері 103 мекемеде 812 қызметкерге 167,908 млн. теңге көлеміндегі жалақы берешектері өтелген. Заң бұзушылықтарды жою мақсатында 46 нұсқама беріліп, 40 жұмыс берушіге 7,306 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. Еңбек инспекциясы мен азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік шиеленіс пен еңбек дауларынының алдын алу бойынша жұмыстар жалғастырылуда.
Содан кейін Жәнібек және Зеленов аудандық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиялардың жұмысы туралы мәселе қаралып, онда аталмыш аудан әкімдерінің орынбасарлары Н. Менешов пен А. Досжанов есеп берді. Лауазым иелерінің сөздеріне қарағанда, мәселен, Жәнібек ауданында былтыр аталмыш комиссияның төрт отырысы оздырылған. Қызметкерлердің еңбек құқығын және әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету, өндірістік процестерді тұрақтандыру мәселесі бойынша өзара ынтымақтастық жөніндегі және жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында жеке кәсіпкерлік субъектілері мен 9 ауылдық округ әкімдері арасында материалдық жағдайы қиын 62 отбасына көмек көрсету үшін соммасы 5 млн. 600 мың тенгені құрайтын 54 меморандумға қол қойылған. Зеленов ауданында да тындырымды істер аз емес. Аудан бойынша әкімдік, жұмыс берушілер мен кәсіподақ өкілдері арасында 358 меморандумға қол қойылып, аудан мекемелерінде 160 ұжымдық келісім шарттар жасалған.
Облыстық мемлекеттік қызметкерлері салалық кәсіподағының атқарған жұмыстары жөнінде кәсіподақ төрағасы Т. Мерғалиев хабарлама жасады. Төлеген Тастайұлы қарамағында 333 бастауыш кәсіподақ ұйымдары, 7193 кәсіподақ мүшелері есепте тұрғанын, соның ішінде жастар саны 50,5 пайызды қамтып отырғанын көрсетті. Соңғы жылдары 400-ге тарта кәсіподақ мүшелеріне санаторияларға жолдама беріліп, сондай-ақ олардың балаларының жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында 266 жолдамамен қамтамасыз етілген. Кәсіподақ жетекшілерінің сұрауы бойынша кәсіподақ мүшелеріне материалдық көмектер және осы мақсатта жыл сайын 3 миллион төрт жүз жиырма теңгеге қаражат берілген.
Кәсіподақ қозғалысы жыл өткен сайын ауқымын кеңейтіп, еңбек адамдарының заңды құқықтарын қорғауда белгілі бір жұмыстар тындырып келеді. Келешекте де кәсіподақ ұйымдарының саны мен сапасын арттыру мәселесі күн тәртібінен түспек емес.
Соңғы мәселе бойынша бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі жыл сайынғы республикалық «Парыз» байқауына дайындық туралы Қ.Айтмұхамбетов, А.Айтуев және Е.Қуановтардың есептері тыңдалды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы №523 Жарлығына сәйкес республикалық конкурс жыл сайын өткізіледі. Конкурсты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, Казахстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы бірігіп ұйымдастыруда. Конкурстың жеңімпаздарына лауреат атақтары беріледі:
- «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын»,
- «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын»,
- «Үздік ұжымдық шарт»,
- «Экологияға қосқан үлесі үшін».
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі министрлікпен бекітілген іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында 2017 жылға арналған облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, конкурсқа дайындық жұмыстары осы іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілген. Облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі БАҚ-да конкурсқа қатысуға шақыру хабарламалары шықты. Кәсіпорындарды конкурсқа қатысуға шақыру облыс әкімдігінің ресми сайтының хабарландыру тақтасында орналастырылған. Аудандық және қалалық бөлімдер тарапынан конкурсқа қатысу үшін ірі, орта және шағын кәсіпорын басшыларына шақырулар жолданып, олармен кездесулер ұйымдастырылған.
Қазіргі уақытта қатысушылардың құжаттары толық тапсырылып, бірінші кезеңдегі тексерістен өткен. Сараптамалық жұмыс тобымен үміткерлердің құжаттары бағаланып, сараптамалық қорытынды шығарған.
Конкурсқа облыс бойынша 32 жеке кәсіпкерлік субъектісі, соның ішінде 1 кәсіпорын («Карачаганак Петролиум Оперейтинг б.в.» КФ-лы) 3 номинация бойынша қатысады, барлығы 34 өтінім.
- «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясына 25 өтінім,
- «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясына 1 өтінім,
- «Үздік ұжымдық шарт» номинациясына 2 өтінім,
- «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясына 6 өтінім.
Облыстық деңгейде жеңімпаз атанған кәсіпорындар «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» қазақстандық филиалы, «Зенит» Орал зауыты» АҚ, «ТМК-КазТрубПром» ЖШС, «Демеу» қоғамдык бірлестігі», «Сейткереева Л.М.» ЖК, «Жайыкгидрогеология» ЖШС, «Жиенбай» ЖШС республикалық деңгейде жеңімпаз атағына, соның ішінде «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» қазақстандық филиалы гран-при наградасына ұсынылды.
Отырыс соңында облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов тыңдалған мәселелер бойынша жиынға қатысушылардың шешімдерін қабылдап, нақты ұсыныстар айтып, жиынды қортындылады.