2017 жылдың 13 желтоқсан күні Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар Орталығымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай кәсіподақ белсенділерін марапаттауға арналған мерекелік шара ұйымдастырылды. Мерекелік шараның қонақтары болып кәсіподақ ардагерлері, Батыс Қазақстан облыс әкімінің орынбасары Б. Қонысбаева, облыстық маслихат хатшысы М. Құлшар, әлеуметтік әріптестер, жоғары оқу орындарының басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен белсенділері  қатынасты.

 

Шара егемен еліміздің қалыптасуынан, бүгінгі шыққан биігі мен қол жеткен жетістіктерінен сыр шертетін, ел тірегі Елбасының арқасында бүгінгі күнге дейінгі жеткен жетістіктері көрсетілген бейне роликпен басталды.

Мерекелік шараны алғы сөзімен Батыс Қазақстан облыс әкімінің орынбасары ашып, барша қауымды ең қастерлі де, қасиетті Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады: - «Мемлекет басшысының жүргізіп отырған көреген саясатының арқасында, ел ішіндегі қалыптасқан саяси тұрақтылық пен ынтымақтың нәтижесінде еліміз үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Елде болып жатқан іргелі өзгерістерге кәсіподақтардың да қосып жатқан үлесі  аз емес,- деді Б. Қонысбаева.  Құттықтау сөзінен кейін Б. Қонысбаеваның қолынан ҚР Кәсіподақтар Федерациясының атынан «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағының төрағасы А. Батырханов, Жаңақала ауданының әкімі Н. Қарағойшин марапатталды.

Шара барысында облыстық маслихат хатшысы М.Құлшар, БҚО Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Е.Салықов өз кезектерінде жиналған қауымды алда келе жатқан ел тәуелсіздігінің 26 жылдық мерейтойымен құттықтап, өздерінің шынайы лебіздерін білдірді.

           Кәсіподақ қозғалысының қалыптасуына, бірлігінің нығаюына және дамуына қосқан зор үлесі үшін мерекеге орай кәсіподақтың бірқатар белсенділерін Кәсіподақтар орталығының төрағасы Е.Салықов марапаттады. Сондай ақ облысымыздағы мәдениет, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет және білім  салаларының үздіктеріне сала төрағаларымен  арнайы наградалар тапсырылды. Атап айтар болсақ кәсіподақ жүйесіндегі жемісті еңбегі, кәсіподақ беделін арттыруға және еліміздің әлеуметтік-экономикалық өсіп өркендеуіне, қоғамдық өміріне қосқан зор үлестері үшін 41 кәсіподақ белсенділері марапатталды.

Шара облысымыздың өнер және мәдени қайраткерлерінің концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.