• Click to enlarge image 1.jpg
  • Click to enlarge image 2.jpg
  •  

 

 

 

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат

Аманкелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың

САЙЛАУАЛДЫ ТҰҒЫРНАМАСЫ

 

Кәсіптік одақтар еңбекшілердің мүддесі мен құқын қорғайтын маңызды қоғамдық институт болып табылады.

Кәсіподақ өз қызметінде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарға, саяси партияларға, жұмыс берушілер мен олардың бірлестіктеріне және басқа да қоғамдық ұйымдарға тәуелді емес.

Біздің сайлауға қатысудағы мақсатымыз – жұмысшылардың, демек олардың отбасылары мен туған-туысқандарының, жақын-жұрағаттарының мүддесін қорғау.

Сондықтан еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым болғандықтан Қазақстан Президенттігіне үміткер ретінде өз кандидатымызды ұсынып отырмыз.

 

Біздің кандидат

ЖОСЫҚСЫЗ ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРДІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН АРТТЫРУҒА күш салады.

Халықаралық еңбек қатынастары стандартына негізделген принцип бойынша әлеуметтік үш әріптес – мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшының жауапкершілігі бірдей.

Бірақ біздің елімізде  мемлекеттік еңбек инспекторлары жыл сайын жұмыс берушілер тарапынан өздерінің жұмысшыларына қатысты 10 мыңға дейін еңбек заңдылығы бұзғанын анықтайды.

Қазақстандағы жұмыс берушілердің өз жұмысшылары алдындағы еңбекақы қарызы 2 миллиард теңгені құрайды.

Жұмыс берушілердің кінәсінен жыл сайын 1,5 мыңнан астам жұмысшы еңбек жарақатын алады, 200-ден астам адам жұмыс орнында қайтыс болады.

Біз қарапайым жұмысшылардың конституциялық еңбек құқын аяқасты еткен жауапсыз жұмыс берушілердің әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігін қатайтуды қалаймыз.

Тоқсаныншы жылдары кейбір жекелеген жұмыс берушілер еліміздің табиғи байлығы мен ресурстарын иемденіп, жеңіл жолмен байып, Қазақстаннан қашып кетті.

Олар қарапайым жұмысшылардың адал еңбегі мен қыруар бюджет қаржысын иемдену есебінен миллиардер болды деп есептейміз. Бұл капитал қайтарылып, еліміздің экономикасын көтеруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмыс істеуі үшін бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз.


Біздің кандидат


ҚАУІПСІЗ  ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЫН жасауға күш салады. Еңбек адамдарына лайықты еңбекақы төленумен бірге олар үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау да өте маңызды. Өйткені, жұмыс істейтін адамның өмірі мен денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Мемлекет пен жұмыс беруші жұмысшы өзінің отбасына күн сайын аман-сау оралуы үшін оның жұмыс орнында қауіпсіз еңбек жағдайын жасауы керек. Қазір Қазақстандағы әрбір жетінші жұмысшы өндіріс орындарында тәуекелге барып, қауіпті және зиянды жағдайда жұмыс істеп отыр. Олардың төрттен бірі – әйелдер. Жыл сайын өндірісте 200-ден астам жұмысшы қайтыс болады. Жұмыс берушілер жазатайым оқиғаларды жасыруға тырысады. Өндірісте өліммен аяқталған жағдайлардың 70 пайызына жұмыс берушілер кінәлі. Жұмыс орнындағы кез-келген өндірістік жарақатқа жұмыс беруші жауапты болуы тиіс. Біз заң аясында барлық кәсіпорындарда еңбекті қорғауды басқару жүйесін  ендіреміз. Біз өндірісте еңбекті қорғау жүйесін табысты жүргізіп, ешқандай өндірістік жарақатқа жол бермеген жұмыс берушілерге салық, инфрақұрылым шығындары (тасымалдау, энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ету және  т.б.) бойынша жеңілдіктер жасауға қолдау көрсетуді қолдаймыз. Біз «нөлдік» жарақат тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін озық елдердің іс-тәжірибелерін қолдану арқылы арнайы «Қауіпсіз еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жасаймыз. Біз қауіпсіз еңбек шарттарын қамтамасыз етпейтін жосықсыз жұмыс берушілердің әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігін күшейтуге шақырамыз!   Біздің кандидат ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ  ЕҢБЕК  ҚҰҚЫН  ҚАМТАМАСЫЗ етеді. Еңбек заңдылығы жұмысшылардың конституциялық және еңбек құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Соңғы бес жылда елімізде болған барлық ереуілдерді (40-тан астам) сот органдары жұмысшылар талаптарын жеткізу процедураларын сақтамады деген себеппен заңсыз деп таныды. Ал шындығына келгенде, бұл өте күрделі. Оны орындаудың өзі мүмкін емес. Еңбек кодексінде қарастырылған татуласу комиссиясы мен еңбек арбитражы арқылы ұжымдық сөйлесу жүргізу мүмкін болмағандықтан жұмысшылар өздігінен ереуілге шығуға мәжбүр болады. Біз еліміз бен қоғамда, еңбек ұжымдарында әлеуметтік тұрақтылық болғанын қалаймыз. Еңбек даулары мен кикілжіңдерінің алдын алудың және жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы тиімді еңбек қатынастарын қалыптастырудың басты құралы – ұжымдық келісім-шарт болып табылады. Ұжымдық келісім-шартта жұмысшыларға әлеуметтік қолдау көрсету, еңбекақы жүйесін ынталандыру, еңбек жағдайын жақсарту бойынша қосымша іс-шараларды қарастыруға болады. Қазір елімізде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың тек 41 пайызында ғана ұжымдық келісім-шарт жасалған. Кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындардың 98 пайызында ұжымдық келісім-шарт бар. Кәсіподақ бар жерде – ұжымдық келісім-шарт бар. Бұл жұмысшылардың құқы қорғалды деген сөз. Біз меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдарда міндетті түрде заң аясында ұжымдық келісім-шарт жасалуына қол жеткіземіз. Біз Еңбек кодексін ұжымдық татуласу процедуларының шеңберін кеңейтіп, жұмысшылар талаптарын жеңіл жеткізуге мүмкіндік беретіндей етіп өзгертуге құлықтымыз. Біз ереуілді емес,  жұмысшылардың мәселелерін шешуді қолдаймыз.  

Біздің кандидат

ЛАЙЫҚТЫ ЕҢБЕКАҚЫ ТӨЛЕНУІНЕ күш салады.

Кез келген еңбек адамы өзінің еңбегіне лайықты ақы төленгенін қалайды. Өйткені осы арқылы тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен қоғамдағы жалпы әлеуметтік тұрақтылықты анықтауға болады.

Еліміздегі орташа еңбекақы (176 мың теңге) туралы ресми статистика біздің жұмыс істейтін азаматтардың кірістеріне байланысты нақты жағдайды көрсете алмайды.

Бүгінгі таңда еліміздегі ең жоғары еңбекақы (орташа еңбекақыдан екі есе көп) кен өндірісі саласы мен қаржы секторында болып отыр. Бірақ бұл екі сала елдегі еңбек адамдарының бар-жоғы 8 пайызы ғана.

Басшылар мен топ-менеджерлерге қарағанда қарапайым жұмысшылардың да кірісі өте төмен. Айырмашылық жер мен көктей.


Біздің кандидат 


ЕҢБЕК  МИГРАЦИЯСЫН  РЕТТЕУДІ  қолдайды. Сыртқы миграция. Қазақстан бүгінде миграциялық лек қабылдайтын елдердің қатарында. Жыл сайын Қазақстанға 50 мыңнан астам шетелдік білікті маман, 400 мыңнан астам біліктілігі төмен жұмыс күші тартылады. Ресми статистикаға қарағанда, Қазақстандағы жұмыссыздар 400 мыңның үстінде. Ал шындығына келгенде, елімізде жұмыспен қамтылмай отырғандар қатары 1 миллион адамнан асады. Біз жұмыспен қамту қызметтерінің жұмысын жақсартуды және еңбек нарығында тепе-теңдікті қамтамасыз етуді жөн көреміз. Біз еліміздегі жаңа жұмыс орындарына бірінші кезекте қазақстандық мамандардың орналасуын жөн көреміз. Сонымен бірге шетелдік білікті маманды тартқан жұмыс беруші оның біздің елдегі мерзімі біткенге дейін орнына қазақстандық маманды даярлауы керек. Біз білім жүйесін еңбек нарығындағы сұранысқа орай бағыттауды ұсынамыз. Бұл отандық мамандарды даярлап, шетелден мамандар тарту мәселесін тоқтату үшін қажет.  Ішкі миграция. Республикада ішкі миграцияны реттеуде де олқылық бар. Әсіресе, ауылдан қалаға келген тұрғындардың, оның ішінде жастар көп, миграциясы тоқтар емес. Ішкі миграция легінің басты себебі – жақсы өмір мен жұмыс іздеу. Тұрғындардың аймақтық орналасуына байланысты да тепе-теңдік сақталмай отыр. Ғылыми зерттеуге қарағанда, қазіргі миграциялық тенденция сақталса, 2030 жылға қарай Алматы қаласын қоса есептегенде оңтүстік облыстарда ел тұрғындарының жартысынан астамы тұратын болады. Мемлекет ішкі көші-қоңды ерікті ынталандырудың жүйесін енгізуі қажет. Азаматтарға басқа орынға қоныс аударғанда тұрғын үй алып, жұмысқа орналасуға, балаларын мектепке дейінгі және мектеп мекемелерімен қамтамасыз етуге кепілдік болуы тиіс. Сонда ғана ел тұрғындары ерікті түрде қоныс аударуға ынталы болады. Біз ауылдық елді мекендерде жеңілдетілген тұрғын үй несиесі бойынша тұрғын үй құрылысын жүргізу жөніндегі бағдарламаны енгізуді қолдаймыз. Біз ауылда жұмыс орындарын ашқан жұмыс берушілерді мемлекет тарапынан салық және басқа да жеңілдіктер бойынша ынталандыруымыз керек. Біз мемлекет есебінен ауылдық елді мекендерді қажет етіп отырған мамандықтар мен кәсіптер бойынша қамтамасыз ету үшін тұрғындарды оқыту мен дағдыландыру жүйесін жасау қажет деп санаймыз. Қазақстандықтардың ауылдық елді мекендерде де жайлы өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуына қол жеткізетін боламыз.

 

   
 
Жұмыс істейтін шақ!

Время работать!
 

Отаны мен халқына шынайы, еліне елеулі, нағыз патриот азаматтар Қазақстанда жетерлік. Оларды халық құрметтеп, асқақ көтеріп, мақтаныш етеді.

Жалпақ жұрттың шексіз сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген белгілі тұлғалардың бірі – Аманкелді Сатыбалдыұлы ТАСПИХОВ.

Осындай ардақты да сыйлы азаматқа тағы да бір үлкен сенім жүктелді. Аманкелді Сатыбалұлы Кәсіподақтар федерациясы атынан Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болып тіркелді.

Аманкелді Таспихов қарапайым отбасында тәлім-тәрбие алды. Әкесі зоотехник, анасы бала-бақшада тәрбиеші болып қызмет атқарған. Ата-анасы оны білімді, адал, еңбекқор болуға тәрбиеледі. Әжесінің өнегелі сөздері оған қанат бітіріп, алға жетеледі. Ол биікке ұмтылды. Асыл әжесі Аманкелдіні ата-анасының ғана емес, халықтың абыройы асқақ айбынды ұлы болуын қалады.

Бүгінде Аманкелді Таспихов осы мақсатқа жетті. Ол әжесінің аманатын орындап, еңбегімен елге танылған азамат болды. Қазір ел білетін, халық қадірлейтін танымал тұлға. Түрлі қызметтерде өзін білікті басшы ретінде көрсете білді. Халықтың бел ортасында жүріп, олармен бірге биік белестерге көтерілді. Абыройы артып, еңбегі жанды.

Аманкелді Таспихов 1959 жылы Батыс Қазақстан облысы Қошанкөл ауылында көп балалы отбасыда дүниеге келді. Ол - тоғыз баланың үлкені.

Мәуелі бәйтеректей болған әулеттің басты өлшемі еңбек еді. Осы қалыптасқан қатаң қағида күні бүгінге дейін жалғасып келеді.

Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ Аманкелді Таспихов адам еңбегінің дәмін сезіне білді. Ол терлеп-тепшіп қырманда, трактор мен комбайнда ақ-адал жұмыс істеді. Жүк тасушы болған күндері де бар. Сөйтіп бала Аманкелді еңбекке төселді, маңдай терін төгіп жүріп еңбекақы тапты. Ата-анасының арқа сүйер балаларының бірі болды.

Оқушы Аманкелді білім мен еңбекті қатар алып жүрді. Үздік оқушы болумен бірге қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүретін белсенді Аманкелді қатарластарының арасында ерекше қабілет-қарымымен ерекшеленді. Ол кеңестік кезеңде Мәскеу қаласындағы Жеңіс Туының алдында суретке түсу мәртебесіне ие болған дарында да қабілетті, үздік оқушылардың бірі.

 Мектепте оқып жүрген кездің өзінде техника мен нақты ғылымдарға қызығушылығы басым болды. Осы тақырыптарға қатысты кітаптар мен газет-журналдарды жастанып оқитын Аманкелдінің арманы алдаған жоқ. Ол терең білім алуды ойлады. Сол мақсат оны Алматыға жетелеп әкелді.

Дарынды балаларға даңғыл жол ашатын білім ордаларының бірі - республикалық физика-математика мектебіне оқуға түсу оңай емес еді. Жүзден жүйрік шыққан талапты да талантты балалар ғана сынақтан сүрінбей өтетін. Сондай бақытты балалардың қатарында Аманкелді де болды.

Физика-математика мектебін жақсы бітіргеннен кейін Қазақ политехникалық институтының машина жасау факультетінде білімін одан әрі жалғастырды. Студент Аманкелді жоғары оқу орнында да өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен дараланды. Топ басы болып сайланды. Қоғамдық өмірге де бел шеше белсене араласты. Жазғы демалыс уақытын да босқа өткізген жоқ. Студенттік құрылыс отрядының командирі Аманкелді білім мен еңбекті ұштастыра білді.

Оның бойындағы іскерлік, ұйымдастырушылық қасиеттер студенттік шақта кәсіподақ көшбасшысы ретінде де толық ашылды.

  Аманкелді Таспихов өзінің еңбек жолын 1982 жылы Алматы ауыр машина жасау зауытында инженер-технолог болып бастады.

Ал, «Аяз» АҚ басшылық қызметінде болған он жыл ішінде зауыттың дамуына елеулі үлес қосты. Осы кезеңде кәсіпорын жаңа биікке көтерілді. Үнемі шығыннан көз ашпайтын зауыт табысты кәсіпорынға айналды.

Аманкелді Таспихов өзі туып-өскен өңірінің әл-ахуалы үшін алаңдаушылық білдіріп, жаңа өндірісті іске қосты, жаңа жұмыс орындарын  ашып, жұмысшыларға арналған тегін тұрғын үй салды.

Аманкелді Таспихов 1998 жылы ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды. Бұл оның өмірінің жарқын беттері.

Депутаттыққа сайланғаннан кейін «Аяз» АҚ-дағы өз акцияларын зауыттағы кәсіпорын ұжымына ақысыз негізде берді. Осының өзі  оның адал ниетінің айқын дәлелі болса керек.

Сенатта жұмыс істеген жылдары заң шығару қызметіне жоғары жауапкершілікпен қарады. Әлеуметтік әділеттілік болуын қалады. Сол жылдары жер салығын көбейту туралы мәселе көтерілген еді. Бірақ депутат Аманкелді Таспиховпен бірге бірнеше әріптестері  халықтың мүддесін ойлап, бұған қарсылық білдірді.

       Осы кезеңде депутат Аманкелді Таспихов маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге көп күш-жігер жұмсады.

Халық қалаулысы тәуелсіз Қазақстанның қарқынды дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыру жолында елеулі еңбек етті. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол 2004 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Бұл - халықтың жоғары сенімі мен үміті.

 Депутат Аманкелді Таспихов қарапайым қазақстандықтардың мүддесі мен тұрмыс-тіршілігіне немқұрайлы қарай алмай, халыққа арналған заңдарды ырықтандыру, әкімшілік кедергілерді жою және қоғамның дамуына кері әсер ететін өзге де қиындықтар жайлы жоғары мінберлерден сындарлы пікірлер айта білді.

Аманкелді Таспихов депутаттық сауалдарында еңбекақы мен мемлекеттік қаржыны тиімді пайдалану мәселесін көтеріп жүрді.

Белсенді өмірлік бағыт-бағдары бар Аманкелді Таспихов өзіне жоғары сенім артқан және нақты істерді күтетін қарапайым азаматтардың алдындағы зор жауапкершілігін жақсы түсініп, соның үдесінен көріне білді.  Ол депутаттық мандатқа адал болудың үлгісін көрсетті. Халық үшін маңызды заңдарды талқылау мен қабылдауға әріптестерінің белсенді қатысуын ойлап, оларға үндеу арнап, қамшылады. Депутат А.Таспихов Үкімет пен министрлердің де кемшіліктерін қаймықпай айта білді. Оның «77 көжек туралы» сөзі әлі күнге ел есінде:

 «Заң жобасын талқылауда белсенді болып, бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек. Ал біз Премьер-министрге және министрлерге сұрақ қоюдан, заңдарды талқылаудан қорқамыз. Егер осы үшінші шақырылымдағы Парламентке ескерткіш орнатылса, алаңда 77 қорқақ көжектің ескерткіші болатын еді (депутаттардың санына байланысты)».

Жоғары кәсібилігі мен өз ісіне деген сүйіспеншілігінің арқасында Аманкелді Таспихов өмірдегі күрделі мәселелерді шеше білді, өз міндетін абыроймен атқарды.

Парламентті таратудың алдында мәжілісмендердің арасында депутаттарға олардың еңбекақысының 80 пайызы көлемінде зейнетақы белгілеу туралы ұсыныс тасталды (мұндай тәжірибе көрші Ресей мен Белоруссияда бар). Бірақ бұған Аманкелді Таспихов қарсы болды. Ол халықтың мүддесі мен сенімін басты орынға қойып, осы ұстанымды сақтап қалды.

Аманкелді Таспихов ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Стандарттау, метрология және сертификаттау комитетінің төрағасы, кейін ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Өндірістік комитет төрағасы лауазымдарында еліміздің өндіріс секторының дамуына зор үлес қосты.

ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың басты мақсат-мұраты – әділдік пен адалдық, адамдардың жақсы өмір сүруі мен құндылықтары. Ол осы бағытта өзінің терең білімі мен мол тәжірибесін сарқа жұмсап келе жатқан білікті азамат.

Ол қазақстандықтардың жағдайы мен көкейкесті мәселелерін, оны шешудің жолдарын да жақсы біледі. Адамдардың өмірі мен тағдырына бей-жай қарай алмайды. Олармен етене араласып, мұң-мұқтаждарын білуге тырысады. Қолдан келетін көмегін көрсетеді.

      Аманкелді Таспиховтың қарапайымдылығының бір көрінісі - ірі өндірістік кәсіпорындарда еңбек еткен жылдары ұялы телефон нөмірін ақпараттық стендтерде, халыққа қызмет көрсету орындарында жариялауды тәжірибеге енгізді. Осы арқылы қарапайым еңбек адамдары онымен кез-келген уақытта хабарласуға мүмкіндік алды. Аманкелді Таспихов әлі күнге осы көзқарастан арылған жоқ. Ол әрбір басшы өз лауазымының  жауапкершілігін жете сезініп, адамдардың мәселелерін шешуді кейінге шегермей, дер кезінде қарап, олардан телефон нөмірін жасырмауы керек деп есептейді.

      Аманкелді Таспихов өз қарамағындағы қызметкерлерге үлкен құрметпен және бауырмалдылықпен қарайды, үнемі қолдау көрсетіп отырады.

       Кандидат балалары бар жұмысшыларға ерекше түсінушілікпен қарайды және қызметкерлердің ата-ана жиналысына және бала тәрбиесіне қатысты өзге де шараларға қатысуына кедергі келтірмейді.

Облыс белсенділерінің Аманкелді Таспиховты кәсіподақ көшбасшысы етіп сайлауы кездейсоқ емес. Түрлі саладағы жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауда, олардың отбасы мүшелеріне қамқорлық жасауда, жұмыс орындарында қауіпсіз еңбек жағдайын құруда Аманкелді Таспиховтың көшбасшылық және адамгершілік қасиеттері айқын көрінеді.

       ҚР Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспихов  қиындықтарға мойымай, сағы сынбай, көптеген сын-тегеуріндерге қасқая қарсы тұра білді. Ол Қазақ политехникалық институтта деканы болған М.Құрманғалиевтің мына бір ұлағатты сөзін ешқашан жадынан шығарған емес: «Балалар-ау, бұл өмірде әлі талай сындар күтіп тұрғанын білсеңдер ғой...»

Қиындықтардан қаймықпайтын Аманкелді Таспихов егемен еліміздің өсіп-өркендеп, халықтың әл-ауқатының арта беруіне алдағы уақытта елеулі үлес қоса беретініне сенімді.

  Ұлттың ойшылы, ғұлама Абайдың ғибратты сөзі бар: «Рухани қасиеттер – адам өміріндегі ең бастысы. Тірі жан мен қайырымды жүрек адамды жетелеуі тиіс, сонда ғана оның еңбегі мен ауқаты мәнге ие болады».

 

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Аманкелді ТАСПИХОВ осындай асқақ пікірді ту етіп ұстанған кең жүректі, терең білімді, бедел-абыройы жоғары азамат!