2017 жылдың 28 тамыз күні ҚР Конституция күніне орай «Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының» ұйымдастыруымен «Қазақтелеком» АҚ базасында «Еңбек қауіпсіздігі – жұмыскерлердің конституциялық құқығы» атты кәсіподақ ұйымдарының техникалық инспекторларымен жиналысы өткізілді.  Жиналысқа БҚО еңбек инспекциясы және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының өкілдері, салалық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары және бастауыш кәсіподақтар ұйымдарының техникалық инспекторлары қатынасты. Жиынды алғы сөзбен және ұйымдастырушылардың атынан құттықтауымен «Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы»  аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесінің мүшесі Т. Мергалиев ашты.   

  • Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес адам және оның өмірі мен денсаулығы ең басты құндылықтарымыз! Қызметкерлердің өкілдері ретінде кәсіподақтар қалыпты еңбек жағдайларын және жұмыс орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін тұрақты түрде шешіп отырулары қажет. Еңбек қорғаудағы кәсіподақтар мен мемлекет арасындағы тығыз өзара іс-қимыл бағыттары бұл - әлеуметтік серіктестіктің айқын көрінісі, – деп атап өтті  Т. Мергалиев.

 Күн тәртібіндегі негізгі мәселе, облысымыздағы еңбек қауіпсіздігі жағдайы, кәсіптік аурулар, өндірістегі жазатайым оқиғалар, өндірістік жарақаттар, өндірістік кеңестер құру мәселелері туралы еңбек қауіпсіздігін қорғау бөлімінің басшысы Е. Таскалиев кеңінен ақпарат берді.
Еңбек кодексіне сәйкес өндірістік кеңес және техникалық инспекторлардың өкілеттіктері мен мәртебелері бойынша БҚО Кәсіподақ Орталығының заңгері З.Б. Төлеуғалиеваның баяндамасы тыңдалды. Өз сөзінде З.Б. Төлеуғалиева Еңбек кодексінің жаңалықтарының бірі Заңның 203-бабында белгіленген еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес - жұмыс беруші мен жұмыскерлердің еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу жөніндегі бірлескен іс-қимылдарын ұйымдастырады, сондай-ақ техникалық еңбек инспекторларының жұмыс орындарындағы еңбек жағдайлары мен еңбектің қорғалуына тексеру жүргізуін ұйымдастырады, – деп атап өтті, сондай-ақ техникалық инспекторларға өз міндеттерін жақсы білуге, себебі  олардың жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы байланысшы адам екендігіне баса назар аудартты.

Жиын барысында жұмысшылар мен жұмыс берушілердің өкілдері барлық сұрақтары бойынша БҚО Кәсіподақтар Орталығының мамандарынан толық жауап алды, сонымен қатар қызметкерлердің өндіріске қатысу белсенділігін арттыру мақсатында, барлық ұйымдар мен мекемелерге өндірістік кеңес құру және  техникалық инспекторлардың біліктіліктерін арттыратын оқулар ұйымдастыру қажеттігі жөнінде ұсыныстар білдірілді.

Жиын соңында Конституция күніне орай, Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар Орталығы атынан салалық және жергілікті кәсіподақтардың бірқатар белсенді техникалық инспекторлары Алғыс хаттармен марапатталды.