Ағымдағы жылдың 29 маусымында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжановтың төрағалық етуімен әкімдікте еңбекті қорғау және өндіріс қауіпсіздігі жөніндегі кеңес өткізіліп, өндіріс барысында адамдардың қаза болу оқиғалары мен себептері талданып қарастырылды.

Облыстық еңбек инспекциясының жетекшісі Азамат Айтуевтың баяндауынша, ағымдағы жылдың 1 маусымында азаматтардан жарақат алуына байланысты 119 жүгіну фактісі, олардың ішінде ірі кәсіпкерлік субъектілері қызметкерлерімен  27 жазатайым оқиға, шағын және орта бизнес серіктестік қызметкерлерімен 34 және 25 жағдай тіркелген. Бұл ретте, ең көп жарақат – бюджеттік ұйымдарда 28%, құрылыс саласында – 16%, күзет және коммуналдық қызмет саласында 10% құрап отыр.

  - Биылғы жылдың 5 айында еңбек инспекциясының тарапынан 155 тексеру, оның ішінде іріктеліп 136 өтініш қаралды. Барлығы 190 құқық бұзу фактілері анықталып және 94 нұсқама беріліп, 30 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.  Өткен жылы құқық қорғау органдарына арнайы зерттелетін 103 материал жіберілді, ал биылғы жыл бойынша 63 қылмыстық іс қозғалып, оның ішінде 35-і бүгінгі күні қаралып жатыр,- деп А.Айтуев атап өтті.

    Жиын барысында сөз алған БҚО кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайырғали Серікқалиевтің баяндауынша, былтырдан бастап қолданысқа енгізілген Еңбек кодексінде арнайы өндірістік кеңестер құру арқылы кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыру жазылған. Соған байланысты қазіргі уақытта кәсіподақ ұйымы бар мекеме-кәсіпорындарда 519 өндірістік кеңес құрылып, өз міндеттері шеңберінде еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды жүзеге асырып келеді. Кәсіподақтық бақылауды өндірістік кеңестердің құрамына кіретін кәсіподақ ұйымдарының 661 техникалық инспекторы жүзеге асырады. Өткен жылы бұл инспекторлармен 1,1 мың тәртіпбұзушылық анықталып, оның 92 пайызы қалыпқа келтірілді.

 Қатысушылардың  баяндамаларынан кейін облыс әкімінің орынбасары М.Тоқжанов  жиынға қатысып отырған ұйым өкілдерінің барлығынан жауап алып және қазіргі өндіріс жағдайлары туралы жауаптарын тындай отырып, өндіріс барысында қызметкерлердің қауіпсіздігіне, бірінші кезекте, ұйым өкілдерінің жауап беруге міндетті екендігін айтып өтті. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігін сақтауда мекеме-кәсіпорындардың  бірінші басшыларына үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтты. Сол себепті келеңсіз жағдайлар орын алып жүрген кәсіпорындардың үстінен қарайтын басқарма басшылары да бұдан сырт қалмаулары тиіс.

 -Қызметкерлердің өндірістік жарақат алуы қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің орнауына және компаниялардың беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, ондағы жазатайым оқиғалардың орын алуы мен зардап шеккен отбасының кірістерінің төмендеуіне әкеп соғады. Біздің жиынымыз арқылы барлық компания басшыларына, кәсіпорындарға қауіпсіздік техникасын дұрыс сақтамау салдары өндірістегі жазатайым оқиғаларына әкеліп соғатынын тағы да ескертеміз. Бұндай келеңсіз оқиғаларға жол бермеу үшін, барлық мекеме қызметкерлері әсіресе жарақат алу қауіптілігі зор мекемелер қауіпсіздік техникасының дұрыс сақталуын қадағалап, бақылау жұмыстарын  әрдайым жүргізіп отырулары қажет,- деп тұжырымдады М.Тоқжанов.

  Жиын соңында мекемедегі еңбек заңдылығы тиісті талапқа сай деп табылған «НұрГазҚұрылыс» және «РегионГазПроект» мекемелерінің өкілдеріне  алғыс айтып, «Сенім сертификаттарын» табыс етті.

                                                                                                                                                      

                                                                                         БҚО Кәсіподақтар орталығы