Кәсіподақ ұйымы тереңнен бастау алады. Соңғы жылдары кәсіподақ ұйымына айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Бүгінде облыс бойынша 15 салалық кәсіпорын филиалы және жергілікті кәсіподақтар жұмыс жасаса, 900 ден астам бастауыш ұйым, 65 мың мүшелері бар.

«Кәсіподақ қызметінің қоғамдағы рөлі мен оған мүше жұмысшылардың құқықтары қалай қорғалады?» «Мақсат-міндеті қандай?» деген сұрақтарға Бөрлі ауданында өткен жиында облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов жауап берді. Шараға аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Ихсанов төрағалық етті. Дөңгелек үстел басында ойларын ашық айтып, сала мамандарына нақты сұрақ қойғандардың арасында өңірдегі мемлекеттік мекеме мен мұнай-газ және коммуналдық қызмет саласының мамандары болды.

Жұмысшылардың кәсіби, еңбек, әлеуметтік экономикалық мүдделерін қорғайтын ұйым Бөрлі ауданында жүйелі жұмыс жасап отыр. Ұйымның көмегімен ұжымдық даулар шешіліп, жұмысшылардың еңбек ақысы мен сый ақы алуда, техникалық жұмысшыларға жұмыс кестесін бекітуде, материалдық көмек пен штаттан тыс қызметкерлердің мүддесін қорғауда тыңғылықты жұмыс жасалып жатыр.

Жиын барысында  ұйым мүшелері өздерін толғандырып жүрген мәселеллерді де ортаға салды. Соның ішінде ұжымдық шарттардың сапалы жасалуы, ұжымдағы еңбек дауларын реттеу бойынша кәсіподақ ұйымдарының тәжірибелері, кәсіподақ белсенділерін оқыту мәселелері қозғалды.   

Айтылған шағымдар мен сын ескертпелер әзірленіп жатқан кәсіподақ қызметін жаңғырту «Жол картасы», облыстық үш жақты келісімде  қаралатындығын айтқан облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов, ішкі сапалық құрамды жақсарту, кәсіподақтың деңгейін, белсенділігін арттыру бағытында біраз сөз қозғады. «Рухни жаңғыру» бағдарламасын негізге ала отырып, облыстың кәсіподақ қозғалысын жетілдіруге, толеранттық негіздерге сүйене отырып, азаматтық қоғамды нығайтуды көздеп отырғандарын жеткізді. Сондай-ақ ҚР Кәсіподақтар Федерациясының бастамасымен  «Заманауи кезеңдегі кәсіподақтардың рөлі мен орны туралы» жалпыұлттық талқылаудың өтіп жатырғандығын және оған қатысты әр адам өз пікірін әлеуметтік желі арқылы білдіруге мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.

«Кәсіподақтар орталығы  болашақта жүргізетін стратегияны анықтау, мақсат міндеттерін айқындау, жаңаша бағыт қалыптастыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл бағытта облыстық кәсіподақтар орталығы қандай қызмет атқаруда, қазіргі жағдай қандай күйде деген сұрақ көпшілікті мазалайды. Кәсіподаққа байланысты болғасын жұмыс атқару функцияларының барлығы Кәсіподақтар туралы заңда белгіленген. Соның шеңберінде мақсатты жұмыстарды жүзеге асырып жатырмыз. Өзіміздің ішкі сапалық құрамымызды жақсарту, кәсіподақтың деңгейін, кәсіподақ мүшелігін арттыру мәселелері межеленген міндетіміз.  Өткен жылы жетпістің үстінде жаңадан  ұйым қосылды. Сондай ақ облыста тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және құрылыс саласында кәсіподақ жоқ еді, соның филиалы ашылды. Екінші мәселе кәсіподақтың жалпы қоғамдық саяси өмірдегі беделін көтеру, оның осы облыстың саяси өміріндегі орнын көрсету, бар екенін білдіру, бұл бағытта біз жергілікті атқарушы органдармен және өкілетті органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз» деді, Ербол Салықов.

Бөрлі ауданы аппаратының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Әтір Едгеева бұл салада жүргеніне он жылға жуық уақыт болды. Сондықтан ол бұл саланың қыр сырын жақсы біледі. Бөрлі ауданында  30 бастауыш ұйым болса, кәсіподақ ұйымдарына 381 адам мүше. Осы жылы тағы 3 бастауыш ұйым қосылады деп жоспарлануда. Жұмыс барысындағы қордаланған мәселелер мен еңбек дауларын алысқа апармай, ұжымдық шарт жасасу жолымен шешіп отыр. Кәсіподақ саласына жүктелетін міндеттер күн санап өзгеріп отырғандықтан, бұл жиынның бізге берері мол болды, дейді ол.

Кәсіподақтардың жуық арадағы жұмыс жоспары мен жұмысшылардың әлауқатын жақсарту жолындағы әлеуметтік әріптестікті дамыту бағыты туралы да сөз болды.
Жиын ұйымға мүше жұмысшылардың ара қатынасын реттеп, тәжірибе алмасуына мол мүмкіндік берді.
Айым НҰРҒАЛИЕВА