Астана қаласында «Сананы жаңғырту және кәсіподақтар: келешегі мен жетілдіру жолдары» атты форум өтуде. Шараның ашылу барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов жаңғырту мәселесі әрбір адамның мүддесін қозғайтындығын атап өтті.
Қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі басымдығы – қазақстандықтардың табысты және бәсекеге қабілетті болуы үшін өз-өзімізге деген көзқарасты өзгертіп, дүниежүзілік қауымдастықтың бір бөлігі ретінде халықтың абыройы мен кемшіліктерін бағалай білуге қол жеткізуіміз. Ал қоғамдық сананың өзгеруі қазіргі құбылмалы қоғамда, жаңа қауіп-қатер мен сын-тегеурін жағдайында Қазақстанның дамуының негізі болған тұрақтылық пен бірліктің, келісім мен бейбітшілікті нығаюына мүмкіндік береді.
Біз еңбекшілердің құқықтарын сенімді қорғауға қабілетті және Кәсіподақтардың беделін арттыратын күшті әлеуметтік институтқа айналуымыз қажет. Сонымен қатар жастармен жұмыс - кәсіподақтардың басты назарында болуы тиіс, - деді Әбілғазы Құсайынов.
Аталған шараға Санкт-Петербург гуманитарлық кәсіподақтар университетінің педагогика ғылымдарының докторы, профессор Борис Титов және Халықаралық Еңбек Ұйымының кәсіподақтардағы қоғамдық байланыс және ақпараттық жұмыстардың теориясы мен тәжірибесі мәселелері жөніндегі сарапшысы Василе Чоарик, аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің және салалық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, сондай-ақ шаруашылық субъектілерінің өкілдері қатысуда.
Борис Титовтың айтуынша, сананы жаңғырту – бұл болашақтың өнімі. Болашақ әрбір қалада, әрбір ауылда, әрбір үйде бүгінгі күннен басталады.
10 қыркүйекке дейін созылатын форум аясында жаңғырту жүйесіндегі кәсіподақтардың жұмыстары талқыланып, пленарлық отырыстар, семинарлар, тренингтер, пікірталастар өткізіледі.
БҚО Кәсіподақтар орталығы