Бейсенбі күні облыстық қаржы басқармасының мәжіліс залында Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы және Қазақстан Республикасы кәсіподақтары Федерациясының оқыту, зерттеу және дауларды шешу орталығының ұйымдастыруымен оқыту семинары өткізілді.
Оған облысымыздағы кәсіподақ ұйымдарынан 50-ге жуық кәсіподақ белсенділері қатысып, өздерінің білімдерін жетілдірді.
Семинар жұмысын кіріспе сөзбен ашқан облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов облысымыздағы кәсіподақ ұйымдарының атқарып жатырған қызметтеріне, жаңа Еңбек кодексіне, еңбек қатынастарын құқықтық реттеудегі кәсіподақтардың роліне, қазіргі заман талаптарына сәйкес келісім комиссияларының қызметін ұйымдастыру жұмыстарына қысқаша тоқтала келіп, семинардың жұмысына сәттілік тіледі.
Семинарда Қазақстан Республикасы кәсіподақтары Федерациясының оқыту, зерттеу және дауларды шешу орталығының директоры, экономика ғылымдарының докторы Мейрам Қажыкен «Еңбек жанжалдары және еңбек дауларын шешу. Оларды шешудің құралдары», «Әлеуметтік әріптестік және ұжымдық-шарттық қарым-қатынастар», «Жеке еңбек дауларын қарау (келісім комиссиясы)», «Ұжымдық еңбек дауларын қарау (татуластыру комиссиясы)» және тағы басқа да тақырыптарды қамти отырып, жан-жақты түсінік берді.
Семинарға қатысушылар семинар жұмысына белсенділікпен қатынасты. Семинар барысындағы тақырыптар бойынша өзекті сұрақтар беріліп, ол сұрақтарға Мейрам Қажыкен нақты мысалдар келтіру арқылы тақырыпты аша отырып, семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Бір күнге созылған семинар жұмысын облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов қорытындылап, Мейрам Қажыкенге және семинарға қатысушыларға ризашылығын білдіре отырып, жұмыстарына табыстар тіледі.
Семинар соңында Мейрам Қажыкен семинарға қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етті.
БҚО кәсіподақтар орталығы