2017 жылдың 22 қарашасында Астанада өткен Федерацияның Бас кеңесінде Бақытжан Әбдірайым ҚР кәсіподақтар Федерациясының төрағасы болып сайланды. Қатысушылар жаңа төрағаның кандидатурасына бірауыздан дауыс берді.Әбдірайым Бақытжан Жарылқасынұлы ҚРКФ төрағасы лауазымына сайланғанға дейін Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Бақытжан Жарылқасынұлы 52 жаста, түрлі салада еңбек өтіліне ие.2013-2017 жылдар аралығында ҚРКФ басқарған Құсайынов Әбілғазы Қалиақпарұлы өз қалауы бойынша ҚРКФ Бас кеңес шешімімен қызметінен босатылды.
Жиында Ә. Құсайынов соңғы жылдары бірлестіктің еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде, еңбекақы және әлеуметтік кепілдемелерді төлеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізгендігін және 2015 жылдан бастап ҚР Кәсіподақтар Федерациясының 162 елдегі 176 миллион жұмысшыларды біріктіріп отырған Халықаралық кәсіподақтар Конфедерациясының ресми түрдегі толыққанды мүшесі болғандығын атап өтті. Сөз соңында Ә. Құсайынов әріптестеріне бірлескен жұмыстары үшін алғысын айтты, сондай ақ Мемлекет басшысына сенім мен қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Жиын қатысушылары – федерация құрамына кіретін аумақтық және салалық бірлестіктерінің өкілдері бірлестіктің жетістіктерін атап өтті және бұрынғы төрағаға бірлескен жұмысы үшін алғыстарын жеткізді.