2017 жылдың 1-ші тамызынан 30-шы қыркүйек аралығында Қазақстанда «Мектепке апарар жол» дәстүрлі жалпы республикалық қайырымдылық акциясы басталған болатын. Аталған шара биылғы оқу жылында «Менің таңдауым – балаларға көмек көрсету» ұранымен өтіп жатыр. Шараның басты мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, жетім, ата-анасының қарауынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық жасау кезеңінде материалдық және басқа да көмек көрсету.
Акция аясында Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар орталығы жанынан құрылған «Келешек» Жастар кеңесі «Шуақты Орал еріктілері» еріктілер қозғалысымен бірлесе отырып, материалдық көмекке мұқтаж балаларға мектепке қажетті керек-жарақтарды жинау мақсатында қайырымдылық акциясын өткізді. Оқу жылына дайындық барысында оқушыға қажет жаңа альбомдар, күнделіктер мен дәптерлер, сондай-ақ, құрал-жабдықтар жағынан көмек көрсетілді.
Әрқайсымыз бұл шараға азаматтық белсенділік танытып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларын мектепке дайындау барысына шынайы көңіл мен қамқорлық көрсету арқылы балалардың мектепке апарар жолын ең үздік және бақытты ете аламыз!