2017 жылдың 13 қазан күні Кәсіподақтар орталығы облыстық салалық кәсіподақтар филиалдарымен бірлесе отырып, Халықаралық қарттар күніне орайластырылған, облысымыздағы кәсіподақ ұйымдарында көп жыл еңбек еткен кәсіподақ ардагерлерімен кездесу ұйымдастырды. Ардагерлермен кездесу кәсіподақ ұйымдарында қайырымды дәстүрге айналған.
Кездесу барысында облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Е.Салықов кәсіподақ ардагерлеріне Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру барысын, сондай ақ кәсіподақ ұйымдарындағы атқарылып жатырған және болашақта атқарылатын жұмыстар жөнінде кеңінен баяндап өтті. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында іс-сапармен жүрген «Мұнай-газ кешені жұмысшыларының салалық кәсіподағының» төрағасы Қалиев Сұлтан Есімұлы отырыстың қонағы ретінде қатысып, ардагерлерді мейрамдарымен құттықтай отырып өзінің жылы лебізін білдірді.
Кездесуге шақырылған кәсіподақ ардагерлері қатарынан Әжіғұлов Мұхтар Әжіғұлұлы, Кужекова Роза Лукьяновна, Ишанбеков Хатеп Ишанбекұлы, Анищенко Светлана Николаевна, Сейтқалиева Набия Өтешқызы, Бариева Сайран Бариқызы және тағы басқа да кәсіподаққа еңбегі сіңген ардагерлер болды, сонымен бірге отырысқа салалық кәсіподақтардың облыстық филиалдарының төрағалары қатынасты.
Кездесуде болған еңбек ардагерлері өздерінің жұмыс жасаған уақыттарын қызығылықты етіп әңгімелеп, өз естеліктерімен және ойларымен бөлісті. Сондай ақ бүгінгі өмір жайы да назардан тыс қалған жоқ. Ардагерлер Елбасымыздың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына арнаған Жолдауы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының маңыздылығына тоқталып кетті. Атап айтқанда қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, Туған жер бағдарламасы, Қазақстанның қасиетті жерлері жобасы сөз болды. Ардагерлер еліміздің жаңғыру және жаңару жолындағы елдің болашағы үшін жастардың тәрбиесіне көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.
Кездесу барысында кәсіподақ ардагерлерінің ақылдары, жұмыс тәжірибелері, білім-біліктіліктері кейінгі ұрпақ үшін таптырмас қазына екендігі айтылды.
Қабылдау соңында кәсіподақ ардагерлеріне құттықтау қағаздары мен сый сияпаттары ұсынылды. Ардагерлер өз ризашылықтарын білдіріп, кәсіподақ ұйымдарына ақ тілектерін айта келіп табыс және өнімді еңбек тіледі.