8 маусым күні Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар Орталығымен облыстық қазақ драма театрында «Кәсіподақ қызметін жаңғырту – уақыт талабы» тақырыбында облыстың бастауыш кәсіподақ ұйымдарының ІІ Форумы ұйымдастырылды. Облыстың түкпір түкпірінен келген кәсіподақ мүшелерінің басын қосқан Форумға Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясының төраға орынбасары М.Л. Тоқжанов, облыс әкімінің бірінші орынбасары И.В. Стексов, облыстық маслихат хатшысы М.И. Құлшар, әлеуметтік әріптестер, кәсіподақ қозғалысының ардагерлері және кәсіподақ жетекшілері мен белсенділері қатынасты. Форумда жиынға қатысушылардың назарына ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Б.Ж. Әбдірайымның құттықтау сөзі және мерекелік видеороликтер ұсынылды.
300-ден астам адамның басын қосқан жиынға арнайы келген Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясының төраға орынбасары М.Л. Тоқжанов қатысушыларға құттықтау сөздері мен ізгі тілектерін арнап, бүгінгі күнгі Кәсіподақтар Федерациясының кәсіподақ ұйымдарын жаңғырту саласындағы жүйелі жұмыстары мен жоспарлары бойынша кеңінен мағлұмат берді.
Сондай ақ жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары И.В. Стексов жиынға қатысушыларды кәсіподақтар күні мерекесімен құттықтады және облыстағы кәсіподақ ұйымдарының аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында қосқан үлестері зор екендігін атап өтті.
Форум бағдарламасы бойынша Кәсіподақтар Орталығының төрағасы Е.Салықовтың «Кәсіподақ қызметін жаңғырту – уақыт талабы» баяндамасынан соң, облыстың салалық кәсіподақтары, бастауыш ұйымдарының және «Келешек» Жастар қанатының төрағаларының атқарылып жатырған жұмыстарымен таныстырып, алдағы міндеттері жөнінде ой-пікірлерін білдірді.
Жиында аймақтың кәсіподақ қозғалысының дамуы жолында ұзақ жылдар еңбек етіп, зор үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетіліп, кәсіподақ ұйымдарында белсенді қызмет еткен азаматтар «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төс белгілерімен, Құрмет грамоталарымен және облыс әкімінің, Кәсіподақтар орталығының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Облыстың бастауыш кәсіподақ ұйымдарының Форумы кәсіподақтар күні мерекесіне орай ұйымдастырылған мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.