Еңбек адамының беделін арттыру, еңбек өнімділігін ынталандыру, жұмысшы мамандықтарын насихаттау мен жастарды өндіріс саласына тарту, жұмысшы әулеттерінің көп жылдық дәстүрін нығайту мақсатында Мемлекет басшысының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру жөніндегі идеясы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қыркүйектің соңғы жексенбісі елімізде «Еңбек күні» мерекесі болып белгіленген болатын.
Мерекеге орай Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар Орталығының бастамасымен 2018 жылдың 25 қыркүйек күні «Нұржанар» акционерлік қоғамында еңбек ұжымымен кездесу өтті.
1971 жылы Орал сыра зауыты ретінде негізі қаланған «Нұржанар» АҚ Батыс Қазақстандағы сусын өндірісі бойынша жетекші кәсіпорындардың бірі. 10-нан астам сусын түрлерін өндіретін «Нұржанар» сауда маркасының өнімі отандық нарықта ғана емес, көршілес Ресейдің Москва, Санкт-Петербург, Самара, Оренбург және Саратов қалаларында сұранысқа ие. Заманауи автоматты желі бойынша өндірістік жабдықтың кешенді модернизациясынан өтіп, алдыңғы қатарлы технологияларды игерген зауытта 200-ден астам адам еңбектенуде.
Кәсіподақ өкілдері жиналған кездесуге кәсіпорынның бас директоры Рустам Ахметов және ұжым озаттары мен белсенділері қатысты.
- Еңбекші қауымын лайықты еңбекпен қамтамасыз ету, әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау қоғамымыздың басты мақсатына айналып отыр. Олардың құқығын қорғау – еліміздің экономикалық құқығын қорғаумен тең. Тұрақты кәсіпорын – тұрақты мемлекет. Кәсіподақтардың басты міндеті - еңбек адамының құқықтарын қорғай отырып, олардың әлеуметтік әлеуетін арттыру- деді, Кәсіподақтар Орталығының төрағасы Е.Салықов. Сондай ақ төраға еңбек ұжымын қазіргі таңдағы кәсіподақтарды жаңғырту Жол картасы негізіндегі кәсіподақтың жүйелі жұмысымен таныстырды.
Отырыс барысында Кәсіподақтар Орталығының төраға орынбасары Б.Атауов қатысушыларға кәсіподақ қатарына жаңа қосылған «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағының жұмыс бағытымен таныстырып, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық қорғалуы, олардың әлеуметтік тұрғыдан лайықты қамтамасыз етілуі, еңбек дауларының алдын алу мен оларды шешу кәсіподақтардың негізгі жұмысы екеніне тоқталып, қазіргі уақыттағы кәсіподақтың маңыздылығын түсіндірді.
Сондай ақ кездесуде кәсіподақ өкілдері жұмысшылар тарапынан туындаған сауалдарға қолданыстағы заңдарға сәйкес жауаптар берді.
Кездесу соңында Нуржанар АҚ бас директоры Рустам Ахметов кәсіподақ өкілдеріне ұжым атынан келелі кездесу үшін алғысын білдірді.